Тарих
«Lotteнің» болашақ негізін қалаушы 1922 жылы орташа дәулетті шаруаның отбасында дүниеге келді. Отбасында бес ұл мен бес қыз - он бала өмірге келді, бұған қарамастан ата-анасы үлкен ұлдары Шин Гек Хоның білім алуын қалап, оны қажетті қаражатпен қамтамасыз етті. Нәтижесінде ол мал шаруашылығы техникумын бітіріп, ұрықтандыру станциясында біраз уақыт еңбек етті.
1941 жылы Шин Гек Хо Жапонияға жол тартты. Бұл корей халқының метрополияға жаппай көшкен уақыты болатын, сонымен қатар 1942-1943 жылдардағы қоныс аудару қазір айтылып жүрген пікірлерге кереғар, негізінен ерікті түрде жүзеге асқан: еңбекақы мөлшері жоғарылау болғандықтан, олар жұмыс істеуге Жапонияға баратын болған.

Алайда Шин Гек Хо Жапонияға ақша табу үшін емес, оқу үшін барған болатын. Ол жапондық орта мектептің толық курсын аяқтап, бітіру емтихандарын тапсыруға дайындала жүріп, жүкші әрі сүт тасушы болып жұмыс істеді.
Ол 1946 жылы диплом алып, өзінің алғашқы бизнесін – сабын мен қарапайым косметика өнімдерін шығаратын шеберхана жұмысын ұйымдастырды. Соғыстан тарыққан Токиода мұндай өнімдер жылдам өтетін. Екі жылдан соң жас корей жігіті қомақты қаржы жинап алды. Ол осы қаражаттың көзін тауып, 1948 жылы 28 маусымда ресми түрде тіркелген жаңа компанияның негізін қалауды шешкен болатын. Құрылған компания «Lotte» деп аталып, концерннің тарихы дәл осы сәттен бастау алған еді. Сол кезде компания штаты 10 адамнан құралған болатын.
Жаңа компания үшін таңдалған атау оның негізін қалаушының әдеби талғамын танытады. Өз кезеңіндегі білімді де жас корейлер сияқты Шин Гек Хо да еуропа классикасын біліп, ұнатқан, соған орай концерн Гётенің алғашқы туындыларының бірі «Жас Вертердің қасіреті» романындағы кейіпкердің атымен атаған.
Бастапқы кезде «Lotte» компаниясы сағыз өндіруге бағытталды, алайда елуінші жылдардың басында жапон экономикасы шарықтаған кезде, Шин Гек Хо шоколад пен тәттілер шығарумен айналысуға бет бұрды. Жапондардың талғамы өзгеріп, мұндай тауарларға сұраныс артты. Он жылдың аясында «Lotte» жапондық тағам өнімдері нарығындағы қуатты күшке айналып үлгерді. Алпысыншы жылдары жасы қырықтарды еншілеген Шин Гек Хо жапон олигархы, кәмпит королі мен шоколад бароны ретінде толыққанды танылды.
Lotte Оңтүстік Кореяда бизнесті 1967 жылы бастады. Шин Гёк Хо тағам өнімдері өндірісінен кейін бөлшек саудаға назар аудара бастады – ол кезде Кореяда озық ритейл форматы мүлдем жоқ болатын. Бұл шешім де өзін ақтады, қазіргі кезде топтың 80 миллиард $ айналымының 40% саудаға тиесілі. Тағам өнімдерін өндіру мен саудадан кейін, Lotte соңғы тұтынушымен ынтымақтаса отырып, құрылыс, қонақүй бизнесі, туризм, ойын-сауық орындары, қаржылық қызмет тәрізді жаңа қызмет салаларына ден қойды.


Lotte бизнесінің қарқынды қадамы 20 жыл бұрын басталды, бұл кезде Лондоннан Кореяға Шин Гёк Хоның кіші ұлы - Шин Донг Бин келген. Ол Nomura инвестбанкінде алты жыл жұмыс істеп, білімін кеңейткен ол «даму үшін ақшаны банкілерден қарызға алу міндетті емес» деген шешімге келді. Өз компанияларының көпшілігін акциялап, оған бақылау жүргізе отырып, одан әрі компания ауқымын арттыру үшін отбасы сенімді де арзан қаржы көзін тапты. 20 жыл ішінде кореялық Lotte бизнесінің табысы жыл сайын орта есеппен 16%-ға көбейді. Нәтижесінде кореялық бизнес көлемі жапондық бизнестен 20 есеге артты.
Оңтүстік Кореяда Lotte – нағыз алып, бөлшек саудамен, қоғамдық тамақтанумен байланысты істің барлығы LOTTE компаниясына тиесілі: барлық үлгідегі 2000 дүкені және 7000-нан аса 7-Eleven супермаркеттері, TGI Friday's мейрамханалары, Lotteria фаст-фуд желісі, Angel-in-usCoffee кофеханалары, Zara және Uniqlo дүкендері бар.